shape
    shape

    Университетімізде Жоғары Оқу Орындарының Үздік Ғылыми Қызметкерлері Мен Оқытушылары Марапатталды

    Университетімізде Жоғары Оқу Орындарының Үздік Ғылыми Қызметкерлері Мен Оқытушылары Марапатталды
    Университетімізде Жоғары Оқу Орындарының Үздік Ғылыми Қызметкерлері Мен Оқытушылары Марапатталды

    «Қазақ тілі – ғылым тілі: дәстүр және инновация» симпозиумы аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйымдастыруымен «Жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы – 2023» және «Үздік ғылыми қызметкер – 2023» байқауларының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
    Білім саласында оқ бойы оза шауып, өзінің біліктілігін дәлелдеген екі байқаудың жеңімпаздарының марапаттары түркі жұртына ортақ білім шаңырағы – Ахмет Ясауи университетінің төрінде табысталды.
    Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен зиялы қауым өкілдері, мәдениет қайраткерлері, жоғары оқу орындарының ректорлары, ғалымдар мен оқытушылар, білім беру мекемелерінің басшылары, докторанттар, магистранттар мен студенттер қатысты. Айтулы жиынға 500-ден астам көрермен жиналды.
    Басқосуда алғашқы сөз тізгінін алған ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек:
    «Көктемнің алғашқы күні, әрі Алғыс айту мерекесінде Қазақстанның білім және ғылым саласын дамытуға қосқан үлестеріңіз үшін алғыс айту мақсатында сіздерді қасиетті Түркістан қаласында жинадық. Біздің ғалымдар күн сайын отандық ғылымның игілігі үшін жұмыс істеп, жобалар әзірлейді және тамаша нәтижелерге қол жеткізуде. Бұл – қазақстандықтар үшін үлкен қуаныш.
    Біздің міндетіміз – халықтың ғылымға, ғалымдарға және жалпы жоғары білім жүйесіне деген сенімін қалпына келтіру. Осы жолда кішкентай болса да, бірақ сенімді қадамдармен жүріп келеміз. Мәселен, 1-2 айдың ішінде «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы күшіне енеді. Сондай-ақ, сәуір айында Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысы, үлкен ғылыми көрме өтеді.
    Біз сіздермен мақтанамыз, сондықтан еңбектеріңізді насихаттау жолындағы ортақ жұмысымыз қарқынды түрде жалғасады»,- деді.
    Келесі кезекте, қос байқау нәтижесінде үздік деп танылғандарды министр Саясат Нұрбек арнайы марапаттады.
    Ғылым мен техниканың дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдарды, ғылыми қызметкерлерді қолдауға бағытталған «Үздік ғылыми қызметкер – 2023» байқауына әртүрлі ғылым бағыттары бойынша жалпы саны 307 өтінім келіп түскен болатын. Нәтижесінде «Жаратылыстану ғылымдары», «Инжиниринг және технологиялар», «Медицина және денсаулық сақтау», «Әлеуметтік ғылымдар», «Гуманитарлық ғылымдар және өнер», «Ауыл шаруашылығы және ветеринария ғылымдары» және «Әскери ғылымдар және ұлттық қауіпсіздік» бағыттары бойынша 50 ғалым үздік деп танылып, 2000 АЕК көлемінде сыйақыға ие болды.
    Ал, «Жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы – 2023» республикалық байқауының мақсаты – оқытушы мамандығының беделін арттыру және оларды одан әрі кәсіби дамуға ынталандыру.
    Биыл конкурсқа 80 жоғары оқу орнынан барлығы 768 үміткер қатысып, комиссия шешімі нәтижесінде 43 қазақстандық ЖОО-ның 150 оқытушысы жеңімпаз атанды. Олардың әрқайсысы 2000 АЕК көлемінде сыйақы алды. Ақшалай ынталандырудан басқа, арнайы төсбелгіге ие болды.
    Аталмыш байқауға Ахмет Ясауи университетінің 7 оқытушысы да қатысып, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы-2023» атағына ие болды. Білім-ғылым саласындағы салалы еңбегімен лайық деп танылғандар:
    • Келесбаев Дінмұхамед Нұрмаханбетұлы – доцент, PhD, Экономика, басқару және құқық факультетінің деканы
    • Әзретбергенова Гүлмира Жарылхасынқызы – экономика ғ.к, доцент, Экономика, қаржы және есеп кафедрасының меңгерушісі.
    • Жылқыбай Гүлімжан Қызметқызы – филология ғ.к., профессор м.а, Қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі
    • Сейтов Бекболат Жұманұлы – Физика кафедрасы меңгерушісі, PhD
    • Сыздықов Бағдаулет Сапарбайұлы – Тарих кафедрасының аға оқытушысы, PhD
    • Бөріханов Мейірхан Батырханұлы – Математика кафедрасының аға оқытушы, PhD
    • Гурсой Музаффер Бердірахман – Тарих кафедрасының доценті, PhD.
    Әріптестерімізді айтулы марпаттарымен шын жүректен құттықтаймыз!

    shapes
    shapes
    shapes